Алматы облысында əлеуметтік жоба жеңімпазы 1 млн теңге иеленді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының аймақтық кезеңінің жеңімпазы анықталды. Мүмкіндігі шектеулі Нұрболат Қарабасовтың мүгедектер арбасына электр қозғалтқыш орнату жобасы үздік атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқауға Алматы облысында тіркелген қоғамдық бірлестіктер мен қайырымдылық қорлардан 24 өтініш түскен. Олардың он төрті іріктеу кезеңіне жолдама алды. Жобалардың ішінде мүгедектер арбасын электр қозғалтқышпен жабдықтау, мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту, әлеуметтік бизнес-инкубатор сынды тың идеяларды ерекше атап өтуге болады. Үздіктерді 13 адамнан құралған арнайы комиссия анықтады.

«Комиссия мүшелерінің шешімі әділ әрі нақты болды есептеймін. Ұйғарым бойынша бірінші орынды «Тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету» бағыты бойынша жеке кәсіпкер Нұрболат Қарабасовтың «Gulsar» мүгедектер арбасын электрмен жабдықтау жобасы жеңіп алды», - дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев.

Екінші орынды мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру, психологиялық көмек көрсету жобасының жетекшісі «Rakhym» қайырымдылық қорынан Раушан Байтанова иеленсе, үшінші орынға «Әлеуметтік проблемаларды шешудегі ақпараттық жылжу» бағытында «Алпамыс» қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік бизнес инкубаторы жобасымен Гүлғана Назырова қол жеткізді.

Жалпы бұл өңірде 900 дей үкіметтік емес ұйым болса, олардың 300-ден астамы белсенді жұмыс істеп келеді. Ал ең үздік жоба республикалық байқауда таныстырылатын болады.

null

Соңғы жаңалықтар