Алматы облысында қытайларға жер берілді деген ақпарат шындыққа жанаспайды - әкімдік

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа байланысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.   

«Әлеуметтік желілерде Сарыөзектен Жаркентке дейін жер қытай компаниясына берілді және ол компанияда 700 қытай азаматы  жұмыс істейді деген  қауесет тарады. Осы жайтқа байланысты түсініктеме жұмыстарын жүргіздік. Ауылдың ақсақалдарын алып, сол зауыттың  жұмысын көрсеттік. Ол жерде Алматы облысының әртүрлі аймақтарынан келген 100-ге жуық құрылысшымен қатар 125 қытайлық азамат жұмыс істейді. Өйткені,  зауыттағы  құрылғылардың бәрі Қытайда шығарылған. Қытайлық инженерлер жергілікті жұмысшыларға зауыт технологиясын көрсетіп, үйреткеннен кейін  өз еліндеріне қайтарылады», - деді Ғалымұрат Жүкел.

Баспасөз хатшысының айтуынша, Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы  «Сарыөзек-Көктал» тас жолының бойында  Қазақстан мен Сингапур кәсіпкерлері бірігіп, цемент шығаратын зауыт салып жатыр. Бірлескен  серіктестіктің 60 пайызы қазақстандық кәсіпкерге тиесілі болса, қалған 40 проценті сингапурлық инвесторлардың еншісінде. Құрылысы жүріп жатқан кәсіпорын 2019 жылы іске қосылады деп жоспарлануда. Жылына 1,2 миллион тонна цемент шығаратын зауытқа 50 миллиард теңгенің  инвестициясы тартылуда.

«Қазіргі таңда Алматы облысы республика бойынша цемент өндіруден соңғы орындардың бірін алып тұр.  Бұл жобаның жақын арада жүзеге асырылуы облыстың  цемент тұтыну бойынша бірінші орында тұрғанын ескере отырып, Алматы облысының осы салада жетекші орындарға шығуына мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Сонымен қатар, құрылыс аяқталғаннан кейін, біздің кәсіпорын цемент шығарып, онда 387 жаңа жұмыс орны пайда болады. Зауытқа жұмысшыларды Кербұлақ, Көксу аудандары мен Қапшағай қаласынан алынса деп жоспарлануда. Жылына 2 млрд. теңгеге жуық салық төленеді деп күтілуде», - дейді «Alacem» цемент өндіру зауытының бас директорының орынбасары Станислав Щербаков.

Соңғы жаңалықтар