Алматы облысында қымбат көлігі үшін адам өлтірген екі жігіт жазаға кесілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қымбат көлігіне қызығып, 72 жастағы көршісін жер жастандырды деп айыпталған 20 жасар екі жігіт бас бостандықтарынан айрылды. Үкімді облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сот шығарды. Бұл туралы Алматы облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл ақпан айында үлкен Алматы каналының маңында ер адамның мәйіті табылған болатын. 72 жастағы ер адамның қаскөйлердің қолынан қаза болғандығы анықталған соң полиция қызметкерлері көп ұзамай күдікті ретінде оның 20 жастағы көршілерін ұстады. Тергеу барысында белгілі болғандай, Талғар ауданының тұрғындары көршісінің жол талғамайтын қымбат көлігін ұрлап, бөлшектеп сатып жіберуді мақсат тұтқан. Сол мақсатта олар қартаң адамды ұрып-соғып, Үлкен Алматы каналының бойында қалдырып кеткен. Алған жарақатынан қария сол жерде жан тапсырды. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы айыпталушыларды кінәлі деп тауып, олардың бірін 19 жыл, екіншісін 18 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.

Соңғы жаңалықтар