Алматы облысында күдік туғызған шетелдіктердің не мақсатта жүргені анықталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат – Алматы облысында тұрғындарға күдік туғызған шетелдіктердің не мақсатта жүргені анықталды. Полицияның мәліметінше, шетелдіктер - Оңтүстік Корея елінің азаматтары және олар діни бағытта үгіт-насихат жүргізбеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2020 жылғы 14 қаңтарда аудандық полиция басқармасына Шамалған ауылы Үшқоңыр орта мектебінің ұстаздарынан мектеп маңында белгісіз шетел азаматтарының бастауыш сынып оқушыларын жинап, оларға белгісіз бағытта үгіт-насихат жүргізгені туралы хабар түсті. Ақпарат полицияда ресми тіркелді.

«Жергілікті полиция басқармасының жедел тергеу тобы оқиға орына шұғыл жетіп, Оңтүстік Корея мемлекетінің 38-41 жастағы 3 азаматының кәмелет жасына толмаған балалармен жүргенін және олардың елімізге қаңтар айының басында туристік мақсатта келгенін анықтады. Тексеру барысында шетелдік қонақтардың діни бағытта үгіт-насихат жасағаны немесе қандай да бір заттарды сатқаны не сыйлағаны дәлелін таппады. Полицейлер туристерді полиция басқармасына әкеліп, түсіндіру жұмысын жүргізген соң босатты» делінген Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, аталған дерекке қатысты тәртіп сақшыларының әрекеті жергілікті прокуратура органдарымен келісілген.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде кішкентай балалармен жүрген шетелдіктердің күдік туғызған видеожазбасы жарияланған болатын.


Соңғы жаңалықтар