Алматы облысында «Көшбасшы» жастар сыйлығына құжат қабылдау басталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында «Көшбасшы» жастар сыйлығына құжат қабылдау басталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл сайын түрлі салада жетістіккке жетіп, көш бастап жүрген белсенді жастарға Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы» жастар сыйлығы табысталып келеді. Айтулы шара биыл да өз жалғасын тауып, әр саланың үздік жастары «2021 жылдың Көшбасшысы» атанбақ.

«Сыйлыққа үміткер ретінде Алматы облысының 14 жастан 29 жасқа дейінгі белсенді жастары қатыса алады. Номинация жеңімпазы атану үшін үміткерлер белгілі бір салада жетістіктерге жетуі қажет. Сонымен қатар, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар жеңімпаздары, қоғамдық өмірге белсенді қатысып, елдің алғысын алған жастар өтінімдерін өткізулеріне болады. Сыйлыққа ұсынылу үшін үміткер белсенді, білімді, креативті ойлайтын, Қазақстанның жарқын болашағы жолында аянып қалмайтын нағыз көшбасшы жас болуы керек»,-деді Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров.

Биыл аталмыш байқау облысымызда 19-рет өткізілгелі тұр.

Жыл санап, жастардың байқауға деген қызығушылығы мен жеңіске деген ұмтылыстары артып келеді. Оған әр жыл сайын келіп түсетін өтінімдер саны мысал бола алады.

2019 жылы 200-ден астам қатысушы өз бақтарын сынаса, былтырғы жылы үміткерлер саны 350-ге жуықтаған.

Биыл өңір жастары төмендегі 20 номинация бойынша бақ сынайды:

«Үздік жас мемлекеттік қызметші»

«Үздік жас әскери қызметкер»

«Үздік жас дәрігер»

«Үздік жас ұстаз»

«Үздік жас ғалым»

«Үздік жас спортшы»

«Үздік жас журналист»

«Үздік жас кәсіпкер»

«Үздік жас батыр»

«Ауыл шаруашылығының үздік жас маманы»

«Үздік жас отбасы»

«Үздік жас өнерпаз»

«Жасыл ел» жасағының үздік сарбазы»

«Үздік студент»

«Үздік ерікті»

«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үздік көшбасшысы»

«Үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы»

«Үздік жас саясаткер»

«Жастар үкіметтік емес ұйымының үздік көшбасшысы»

«Үздік жас әдебиетші»

Әр жеңімпазға 250 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табысталады.


Соңғы жаңалықтар