Алматы облысында коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан дәрігер ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан дәрігерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат polisia.kz сілтеме жасап.

«Әлеуметтік желіні мониторингілеу барысында медицина қызметкерінің әлеуметтік желі арқылы жалған ақпаратты тарату фактісі анықталды. Аталған факт ҚР ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген», делінген хабарламада.

«Тексеру іс-шараларын өткізудің алғашқы сағатында ер адамның жеке басы бейнежазбадан анықталды. Ол А. деген азамат, 1980 жылы туған, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасында дәрігер-гинеколог болып жұмыс істейді. Қазір ұсталды. Ол жалған ақпарат таратқанын мойындады, өкінетінін айтты. Қазір аудандық полиция басқармасы тергеу іс-шаралар кешенін жүргізуде, оның нәтижесінде қылмыстық іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», - деді Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Серік Күдебаев.

Сонымен қатар, полиция жалған мәлімет таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы еске салды.

«Көптеген жағдайларда кейбір азаматтар жалған мәліметтерді таратуға тыйым салынғанын білмегенін алға тартады. Бірақ, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Осыған байланысты жұртшылықты негізсіз үрей мен дүрлікпеу үшін мемлекеттік органдардың тек ресми хабарламаларын басшылыққа алуға және күмәнді көздердің ақпараттарын таратуға қатыспауға шақырамыз», - деп түйіндеді Серік Күдебаев.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР ҚК-нің 274-бабының 2-бөлігіне сәйкес БАҚ және ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату 3 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Еске сала кетсек, әлеуметтік желіде тараған видеода өзін елордалық дәрігермін деп таныстырған ер адам коронавирустың Алматыда 70-ге жуық адамға жұққанын айтады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аталмыш видеоның жалған екендігін ресми мәлімдеп, жалған ақпарат таратқандар ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар