Алматы облысында көпбалалы ана 14-ші сәбиін дүниеге әкелді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысы Кербұлақ ауданында алтын құрсақты «Батыр ана» Гүлнәз Жеңісбайқызы 14-ші сәбиін дүниеге әкелді. Отбасын осы қуанышымен аудан әкімі Ғалиасқар Сарыбаев құттықтады. Атап өтсек, бұл отбасыға 2019 жылы Сарыөзек ауылынан көп балалы санатымен тұрғын үй берілген болатын, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сәрсенбай Садуақасов пен Гүлназ Жеңісбайқызының шаңырақ көтергеніне 27 жыл болған. Бүгінде олар 10 қыз 4 ұл тәрбиелеп отыр, 3 немере көрді.

Кербұлақ аудандық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, мектеп қабырғасындағы бес бала оқу құралдарымен, спорттық киіммен, мектеп формасымен толық қамтамасыз етілген, үшеуі балабақша жасында. Онлайн оқуларына қажетті ноутбук те мектептен берілген. Қызы Айжан спорттың ережесіз жекпе-жек түріне қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Отағасы машинист, механик, дәнекерлеуші сияқты кәсіптерді еркін меңгерген.

«Өмірдің мәні де, сәні де - бала. Денсаулығым жетсе, бала туудан қашпаймын. Қазақ «баланы жастан» дегенді бекер айтпаған. Үлкен қызым мұғалім. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді» дейді, сондықтан алдыңғы ұл-қыздарды жақсы тәрбиелесең, соңғылары соларға еліктеп, үлгі етіп өседі деп ойлаймын«, - дейді Гүлнәз Жеңісбайқызы.

Еске салсақ, жалпы Алматы облысында көп балалы отбасыларына қажетті көмек көрсету жолға қойылған. Өткен жылы 2 395 отбасына тұрғын үй берілсе, соның 1 258-і әлеуметтік әлжуаз және көп балалы отбасылар, бұл қатарда 180 отбасы меценаттардың қолдауымен үйлі болғанын да атап өту керек.

Сол сияқты облыс орталығы Талдықорғанда көп балалы аналар жұмыс істейтін тігін цехын ашу қолға алынған. Қазіргі кезде цех орналасатын орын жөндеуден өткізіліп, дайындалу үстінде. Жалпы биылғы жылдың 1 сәуіріне атаулы әлеуметтік көмек 14761 отбасына 2 млрд. 103,9 млн. теңге көлемінде тағайындалған, оның ішінде аз қамтылған көп балалы отбасылар да бар.


Соңғы жаңалықтар