Алматы облысында коменданттық сағат уақыты өзгерді

None
None
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат- Алматы облысы Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев халыққа үндеу жасап, өңірдегі коменданттық сағат уақыты өзгеретінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір облыстағы жағдай тұрақты, соған байланысты 12 қаңтардан бастап коменданттық сағаттың уақыты өзгерді. Яғни, азаматтардың жүруіне қойылған шектеу сағат 20:00-ден емес, 23:00-ден бастап таңғы 07:00-ге дейін болады. Барлық тұрғындардан жеке кәуіліктерін алып жүруді және ТЖ талаптарын қатаң сақтауларыңызды сұраймын»,-деді Серік Күдебаев.

Оның айтуынша, жаппай тәртіпсіздік кезінде өңірдегі дүкендер тоналып, әкімшілік ғимараттары бүлінген. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызметтік борышын атқарып жүрген полицейлер мен Ұлттық гвардияның әскери қызметкерлері қаза тапты.

Жағдайды тұрақтандыру мақсатында блок-бекеттер қойылды. Онда полиция мен әскерилер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. 35 автопатруль қала тыныштығын тәулігіне үздіксіз бақылауда, оған қоса 20 жасақ патрулі күндіз күзетеді.

Сонымен қатар, ол тәртіпсіздік пен дүние-мүлікті тонау қылмысына қатысы бар деген күдікпен 700-ден астам адам ұсталғанын айтты. 65 қылмыстық іс қозғалып, 62 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Арнайы операция барысында қылмыскерлерден 100-ге жуық атыс қаруы алынды.


Сондай-ақ ол халыққа үндеу жасап, бұзақылық пен мародерлік іске қатысы бар адамдар жайлы мәлімет бар болса полицияға хабарлауды сұрады.


Соңғы жаңалықтар