Алматы облысында қоғамдық ұйым полицейлерге алғыс білдірді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында полиция қызметкерлері 32 жастағы әйелдің балаларымен қосылуына ықпал етті. Қарасай ауданындағы бір отбасының мәселесін шешуге полиция департаментінің басшысы Мұрат Ұрұмхановтың тікелей тапсырмасы себепші болған екен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жуырда «НемолчиДетиКZ» қоғамдық қорының өкілі Дина Таңсәрі облыстық полиция департаментінің басшысы М. Ұрұмхановтың жеке парақшасына Қаскелеңде тұратын отбасының жағдайын баяндап, жазған болатын. Анықтай келе отбасылық жанжалда күйеуінің соққысынан кейін азаматша ауруханаға түсіп қалған. Ерлі-зайыптылар азаматтық некеде тұрып, үш бала тәрбиелеп жатқан. Жәбірленуші әйел басқа ешқайда арыз-шағым жазбаған. Бірақ тәртіп сақшылары ұрып-соғу дерегі бойынша арызды алдыртты. Қазіргі таңда Қарасай ауданының полицейлері тергеу амалдарын жалғастырып, оқиға бойынша деректер жинастыруда. Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі әлгі азамат міндетті түрде жауапқа тартылатындығын хабарлаған.

Полицияның араласуымен ана үш баласымен қайта қауышты. Айта кету керек әйел емделіп болғанша балалар әпкесінің қарауында болған.

Сондай-ақ бұл оқиғада бала асырау органдарының қызметкерлері де белсенділік танытқан. «НемолчиДетиKZ» қоғамдық қорының өкілдері осыған байланысты жедел әрекет етіп, адамгершілік танытқаны үшін полицейлерге әлеуметтік желі арқылы алғыстарын жеткізді.

«Осы бір қауышу сәт өте әсерлі болды. Мені ерекше сезімдер баурап, барлық қызметкерлерге алғыс айтқым келді. Кішкентай сәби анасының кеудесіне жабысып, сағынғанын көрсетті. Балалар енді қауіпсіз жерде, біздің көңіліміз тыныш. Алда сот болады. «НемолчиДетиKZ» қоғамдық қоры Алматы облыстық полиция департаментінің қызметкерлеріне жедел көмек көрсетіп, қолдағандары үшін алғыс білдіреді» - деп Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі парақшасында атап өтті.

Соңғы жаңалықтар