Алматы облысында кісі өлтірді деген күдікпен үш жыл іздеуде жүрген адам ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат – Үш жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген күдікті Алматы облысында ұсталды. Ол 29 жастағы әйелді өлтірді деп айыпталуда, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Іле ауданында болған. 2016 жылдың қазан айының соңында жер үйлердің бірінен әйел адамның мүрдесі табылған. Сараптамаға сәйкес, қылмыс пышақпен жасалған. Тергеу барысында күдікті жергілікті тұрғынның екені анықталған. Бірақ тәртіп сақшылары оны ұстай алмаған. Соған сәйкес, 2017 жылдың ақпан айында күдіктіге халықаралық іздеу жариялаған.

«Жедел-іздестіру барысында облыстық криминалды полиция басқармасының қызметкерлері күдіктінің тұрып жатқан жерін анықтады. Ол Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінен ұсталды. Қазір күдікті Іле аудандық полиция бөлімшесіне жеткізіліп, қамауға алынды»,- деді Алматы облыстық криминалды полиция басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сәкенов.

Тергеуді Іле ауданының тәртіп сақшылары жүргізуде. Аталған факті Алматы облыстық Полиция департаментінің қатаң бақылауына алынды.


Соңғы жаңалықтар