Алматы облысында кәсіпкер әкімдіктің кесірінен жер телімінен айрыла жаздады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысы Сарқан ауданы әкімдігінің қателігінен «Сыровятский» шаруа қожалығы жер аумағынан айрылып қала жаздады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі болғандай, шаруа қожалығы басшысының өлімінен кейін аудандық жер қатынастары бөлімі учаскені иесіз жер деп танып, үшінші тұлғаға уақытша жалға беру туралы қаулы шығарған. 

Аталмыш мәселе облыстық Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында қаралып, онда кәсіпкердің жесірі Надежда Сыровятская жергілікті атқарушы органның әрекетіне шағымданған. Азаматтық кодекс бойынша мұра мұрагерлік ашылған уақыттан бастап алты ай мерзім ішінде тапсырылуы тиіс екен. 

«Мәселе қаралған соң, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі Сарқан ауданының жер қатынастары бөлімі шығарған шешімнің қаншалықты заңды екенін анықтау үшін материалдарды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жолдады», - дейді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Думан Керімбаев.

Департамент жер учаскесі бойынша материалды қарастыру барысында Сарқан қаласы әкімі аппаратының бас маманы шаруа қожалығы басшысының қайтыс болғаны туралы анық емес мәлімет бергенін анықтады. Бұл өз кезегінде негізсіз шешім шығаруға себеп болған.

«Жіберілген қателіктер үшін Сарқан ауданы әкімі аппаратының бас маманы «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаға тартылды. Жер учаскесін ЖШС-ға уақытша пайдалануға беру туралы қаулы алынып тасталды. Жер учаскесі заңды мұрагерлерге қайтарылды», - делінген Алматы облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаевтың ресми жауабында.

Соңғы жаңалықтар