Алматы облысында кәсіпкер 8 отбасыға баспана сыйлады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Панфилов ауданында 10 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті шаруа қожалығының басшысы Манапхан Дәулетбеков Үлкеншыған ауылында сегіз отбасыға үй салып берді. Баспаналардың жалпы құны 65 млн теңге. Жақында құрылыс жұмысы аяқталған үйлерге кірген көпбалалы және аз қамтылған отбасылар қоныс тойын тойлауда.

«Манапхан бауырымыз ауылымыздың белді кәсіпкері. Кәсіпкер болса да біздерге қол ұшын созып, үй салып беріп жатыр. Тек бізге ғана емес, ауылымыздағы мешіт жұмысына басқа да қайырымдылық шараларына атсалысуда. Міне, сегіз отбасы көрші болып қоныс тойын тойлап жатырмыз. Осы отбасылар атынан алғысымызды білдіреміз»,-дейді жаңа қоныс иесі Бақытжан Нұрмолда қария.
null

«Әр отбасының өз үйі болуы керек. Өз ауылымдағы тұрмысы төмен отбасыларға көмектескім келеді. Осы сегіз отбасыға үй салуға маған да көмектескен жандар болды. Мен сол азаматтарға және аудандық әкімшілікке алғыс айтамын. Әзір тағы үш үйге құрылыс жұмысы жүргізілуде. Оны да көпбалалы отбасыларға береміз деп жоспарлап отырмыз. Әр азамат өз туған ауылын көркейтуі қажет»,- дейді кәсіпкер.

Сондай-ақ, Шолақай ауылының тағы бір кәсіпкері жергілікті мешіт өкілдерімен бірлесіп бес балалы отбасыға төрт бөлмелі үй салып берді. Кең үйде ойнауды армандаған әпкелі-сіңілілер қуаныштарында шек жоқ. Ал,Талды ауылының кәсіпкері пәтер жалдап жүрген көпбалалы отбасыға 3 млн теңгеге үй алып берген.

Айта кету керек, өткен аптада Көктал ауылында жеке кәсіпкер аз қамтылған отбасыға 6 бөлмелі үй салып бергенін хабарлаған болатынбыз. Бұдан соң жергілікті кәсіпкерлер аудан әкімшілігімен бірлесіп көп балалы отбасылармен аз қамтылған жанұяларға көмек етуді бастады.

null null null

Соңғы жаңалықтар