Алматы облысында қарулы топ ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері қарулы топты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылы маңындағы Қорғас-Алматы жолында полицейлер Volkswagen Golf автокөлігін тоқтатты. Көліктің салонында 22-25 жас аралығындағы үш ер адам болған.

«Үшеуі Еңбекшіқазақ ауданындағы жеке меншік үйлер мен пәтерлерге бірнеше рет ұрлыққа түсті деп күдіктелуде. Осы топ бойынша жедел іс-шара екі ай бойы әзірленіп, жүргізілді. Күдіктілер тобы ұсталған кезде, 16 калибрлі аңшы мылтығы, сондай-ақ пневматикалық тапанша табылды. Сонымен қатар, олардың көлігінің салонындағы құпия орында 2 келі марихуана табылды. Ұсталғандар Еңбекшіқазақ аудандық полициясына жеткізілді», - деп мәлім етті Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі.

Полицияның айтуынша, топ мүшелері Еңбекшіқазақ және Райымбек аудандарының тұрғындары. Күдіктілердің бірі бұрын ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Тәркіленген алынған қару сараптамаға жіберілді.

«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, ұрылар өңірде өткен жылдың жазынан бері зергерлік бұйымдар мен ақша ұрлаған. Күдік бойынша 8 ұрлыққа қатысы бар. Тергеу қылмыстық заңнаманың бірнеше бабы бойынша (ұрлық, есірткі мен қаруды заңсыз сақтау) жүргізіледі. Күдіктілер қамауға алынды. Аталған іс облыстық департаменттің ерекше бақылауына алынды», - деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер.


Соңғы жаңалықтар