Алматы облысында қарақұйрық атқандар 1 млн теңгеден айыппұл төлеуі мүмкін

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының аумағында «Қызыл кітапқа» енген қарақұйрықты атты деген күдікпен Ұйғыр және Панфилов аудандарының екі тұрғыны ұсталды. Браконьерлердің әр қайсысына 400 АЕК яғни, 1 млн теңгеге жуық айыппұл салынуы мүмкін, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Табиғатты қорғау ведомстволарымен бірлескен рейд барысында 31 қазанда полицейлер Ұйғыр ауданы аумағында атуға қатаң тыйым салынған қарақұйрықты олжалаған браконьерді қолға түсірген. Заңсыз аңшылық жасаған азаматтан аң еті, «Тигр» ойық мылтығы, аңшы мылтығы және оқ-дәрілер тәркіленген.

«Алматы облысының аумағында «Қызыл кітапқа» енген қарақұйрықты атқаны үшін Ұйғыр ауданының 53 жастағы тұрғынына қатысты Қылмыстық кодекстің 337-бабы, 4-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,- деп мәлімдеді Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, заңсыз аңшылықпен күресті күшейтуге арналған екінші факті Панфилов ауданының маңында тіркелген. Ол жерде 54 жастағы азамат басқарған «Уаз» автокөлігін тексеру барысында қарақұйрық еті мен «Москина» ойық мылтығы, сондай-ақ өзге аңшы мылтығы және оқ-дәрілер табылды. Аталған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі қарақұйрықты атқаны үшін заңға сәйкес браконьерлерден мемлекет пайдасына 400 АЕК мөлшерінде материалдық шығын өндірілуі тиіс екенін еске салады.

Осыған дейін Алматы облысында Қызыл кітапқа енген қарақұйрықтарды атқан браконьерлердің қолға түскендігі туралы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар