Алматы облысында қарақшылықпен айналысқан топ ұсталды
Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 қазанда Кербұлақ ауданының полиция бөліміне Volvo жүк көлігінің жүргізушісі белгісіз біреулердің өзін тонап кеткені туралы шағымданған.
Тексеру барысынды жүргізушіні қарақшылар Алматы-Өскемен тас жолының 126 шақырымында тонаған. Үш азамат кастетпен қорқыту арқылы жәбірленушінің 105 мың теңге ақшасын, ұялы телефоны мен жеке сөмкесін иемденген.
Полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғап күдіктілерді жылдам анықтады. Анықтап қана қоймай аз уақыт ішінде қолға түсіріп, қамауға алды. 32 жастағы бір күдікті Қарасай ауданының тұрғыны болса, қалған 2 азамат Алматы қаласының тұрғындары. Үш азаматтың бірі жәбірленушінің танысы болып шықты. Ол жүргізушінің бағытын біліп, екі күдіктіні қылмыс орнына өз көлігімен жеткізген. Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше қарақшылық дерегі бойынша ҚР ҚК 191-бабына сәйкес тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Күдіктілер қамауға алынып, олардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталуда.