Алматы облысында қарақшылық шабуыл жасалып, полиция арнайы операция ұйымдастырды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат – Алматы облысындағы автожолда қарақшылық шабуыл жасалды, полицейлер арнайы операция өткізді, -деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

8 желтоқсан күні түнде Жамбыл ауданы полициясының кезекші бөліміне Жамбыл облысының 47 жастағы тұрғыны хабарласып, оған қарақшылық шабуыл жасалғанын айтқан. Жәбірленушінің ақпараты бойынша, ол досымен бірге Алматы – Бішкек автожолында келе жатқан және көлігінде ірі сомада қаражат болған.

«Самсы ауылының шетінде жәбірленушінің көлігіне «Ниссан Цефиро» автокөлігі соқтығысқан. Осыдан кейін медициналық бетперде киген үш адам жәбірленушіге шабуыл жасап, пышақпен қорқытып, оның көлігі мен қаржысын алып кеткен. Қарақшылық шабуыл дерегі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілер екі көлікті де жақын маңдағы Самсы ауылына тастап кеткен», - деді Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Данияр.

Полицейлер әртүрлі нұсқалар мен күдікке ілінген топтарды пысықтай отырып, қылмыстық топтың ізіне түсті. Топ құрамында Алматы қаласының 27, 31 және 37 жастағы тұрғындары бар екені анықталды.

17 желтоқсанда Алматы облысының Криминалдық полиция қызметкерлері арнайы бөлімше жауынгерлерінің қатысуымен күдіктілерді ұстау бойынша арнайы операция жүргізді.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында жинақталған бұлтартпас айғақтардан кейін күдіктілердің барлығы аса ауыр қылмыс жасағандарын мойындады.

«Тергеу барысында ұсталғандардың элиталық дүкендерден қымбат киім мен аяқ киім сатып алу үшін 200 мың АҚШ долларын жұмсағаны анықталды. Бұдан басқа, ұрланған ақшаға олар «Лада Приора» және «Лэнд крузер 200» маркалы екі көлік сатып алғаны белгілі болды. Көліктер тәркіленіп, сот шешіміне дейін арнайы тұраққа тоғытылды. Барлық күдіктілерге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сонымен қатар, ұсталғандардың бірін ұрлық жасағаны үшін ШҚО полицейлері 2016 жылдың шілде айынан бастап іздестіріп жатқанын атап өту қажет», - деп қорытындылады Асхат Данияр.


Соңғы жаңалықтар