Алматы облысында қаңырап тұрған тағы екі қант зауыты іске қосылады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында қаңырап тұрған екі қант зауыты қайта іске қосылады деп жоспарлануда. Бірі Ескелді ауданындағы мекеме болса, екіншісі Алакөл ауданындағы кәсіпорын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен, Қарабұлақ ауылындағы қант зауыты соңғы өнімін 2013 жылы өндірген. Содан бері кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр. Қазір Көксу қант зауытының басшылығы кәсіпорынды қайта жандандыруға инвестор ретінде қызығушылықтарын танытуда. Зауыт басшылары кәсіпорын 2020 жылы толық іске қосылады деп жоспарлап отыр. Егер барлығы сәтімен жүзеге асса, 500-ден астам адам жұмысқа алынады.

«Биыл осы зауыттың қасына бұрынғы қант қызылшасын жинаған жерге қант қызылшасын қабылдаймыз. Жаңғыртып, қайтадан жоба жасап, жаңадан құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуіміз қажет болады», - деді Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.

Қарабұлақ зауытынан бөлек Алакөл ауданындағы қант зауытының да жұмысын жандандыру мәселесі қарастырылуда. Ал Алматы өңірінен шикізат тасымау үшін Қапшағайда тағы бір кәсіпорын салынады.

«Инвесторлардың өздері бізге келіп, сол зауыттарды қалай алсақ деп сұрап, бізге ұсыныс жасап жатыр. Бірақ олардың иелері бар. Олар қаржысын бөліп, салмаса онда біз олармен осы зауыт жөнінде сөйлесіп, мәселені шешу жолдарын қарастырамыз», - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Айта кетейік, Президенттің тікелей тапсырмасына орай Алматы облысында қант қызылшасын өсіру қайта жанданып, тоқтап тұрған қант зауыттары іске қосылуда. Жалпы өңірде 5 қант зауыты болған болса, қазір оның екеуі яғни, Көксу мен Ақсу зауытттары қайта іске қосылды. Ал биыл Жетісу жері 14 мың гектарға тәтті түбірді егуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар