Алматы облысында қаңтар оқиғасы кезінде 16 адам қаза тапты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысында 16 адам мерт болған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сонымен қатар, біз қаза тапқан адамдар туралы ақпаратты мән-жайдың анықталуына қарай халыққа жеткізіп отырамыз. Бұған дейін Қызылорда, Атырау, Шымкент және Тараз қалаларындағы террористік шабуыл туралы хабарлаған болатынбыз. Бүгін мен Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарына тоқталғым келеді. Алматы облысында 16 адам көз жұмды, оның ішінде 5 құқық қорғау органының қызметкері бар. 6-19 қаңтар аралығында аталған өңірде террористік қауіптің «қызыл» деңгейі сақталып, терроризмге қарсы операция жүргізілгенін еске салғым келеді. Осы уақытта қарулы қылмыскерлер құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіруді және шабуыл жасауды жалғастырды», - деді Е. Қилымжанов.

Ол осы кезеңде терроризмге қарсы операция жүргізілгенін, азаматтардың қозғалысының ерекше тәртібі бекітіліп, автокөліктерге тексеру жасалғанын еске салды.

«Нақты осы кезеңде, яғни 6-8 қаңтар аралығында азаматтардың қаза болу фактілері тіркелді. Оның барлығы бойынша тергеу жүріп жатыр. Мұқашевтің өліміне әкеп соққан ұрып-соғу фактісі бойынша тергеумен арнайы прокурорлар айналысуда. Осы іс бойынша соттың санкциясымен құқық қорғау органдарының 2 қызметкері қамауға алынды», - деді Бас прокуратура өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу органдарының іс жүргізуінде 5 041 қылмыстық іс бар.


Соңғы жаңалықтар