Алматы облысында қант қызылшасын өсірген шаруалар ақшаларын ала алмай жүр

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында қант қызылшасын өсірген шаруалар ақшаларын ала алмай жүр. Айтуларынша, келісімшарт бойынша 90 күннің ішінде төленуі тиіс қаражаттарын Көксу қант зауытының басшылығы созбаққа салып, бермей жатыр. Ал зауыттың басшысы 80 шаруашылықтың алдындағы қарыз 600 миллион теңгеден асады деп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«90 күннің ішінде өтеп береміз деген ақшамызды әлі бермей жатыр. 90 күннен асып кетті. Кейбіреулерінікі 100 күннен асып кетті. Ақшамызды сұрап келіп отырмыз. Поштаға ақшамыз түсті ме деп күнде қараймыз. Менің «Ұлан» шаруа қожалығыма «Көксу қант» зауыты 4,5 млн теңге қарыз. Лизингке алған техникамыз бар. Олар да ақшасын төле деп жатыр. Енді екі ортада қағаз тасумен жүрміз. Оларға «Көксу қант» зауыты ақшамызды бермегендіктен несиені төлей алмай жатырмыз деген құжатымызды апарып бердік», - дейді Қаратал ауданының тұрғыны Айымгүл Қошқарбаева.

Қазір «Көксу қант» зауытының ауласында бірде-бір қант қызылшасы қалмаған. Кәсіпорын барлық қабылданған өнімді өндіріп тастаған. Ал зауыт басшысы осы қант қызылшасын өткізген шаруалардың қарызын айдың соңына дейін толық төлейтінін айтады.null

«Қалған 80 қожалықпен осы ақпан айының соңына дейін есептесіп тастаймыз. Олардың алдындағы жалпы қарызымыз 600 млн теңгеден асады. Негізі біз бұған дейін 400-ге жуық шаруашылықтың алдындағы қаражатымызды толық төледік», - деді «Көксу қант» зауытының директоры Алтынбек Абатов.

«Көксу қант» зауытына қант қызылшасын өткізіп, ақшасын 90 күн бойы күту шаруалар үшін қиынның қиыны болып тұр. Бірақ қант зауытының басшылығы қойып отырған талапқа диқандардың келіспеске амалдары жоқ. Өйткені өңірде олардың қант қызылшасын қабылдай қоятын басқа зауыт жоқ. Ал қайта іске қосылған Ақсу қант зауыты шаруалар үшін тым алыс.null

Айта кету керек, Көксу қант зауытына қант қызылшасын өткізетін шаруалар жылда түрлі қиындықтарға тап болады. Мәселен, ала жаздай өсірген өнімдерін күзде зауытқа өткізу үшін сағаттап, тәуліктеп кезекте тұруға мәжбүр. Ал өнімдерін әупірімдеп өткізгеннен кейін ақшаларын алу үшін тағы да бірнеше айлап күтеді.

Соңғы жаңалықтар