Алматы облысында Италиямен бірлескен 5 кәсіпорын ашылады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Алматы облысына жұмыс сапарымен келген италиялық «Areas More» компаниясының президенті Сильвия Пессини жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Жүздесу барысында Италия бизнесінің өңірден бес кәсіпорын ашатыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы облысына жұмыс сапары барысында Пессини ханым Жетісу өңіріндегі ауыл шаруашылығы саласына ерекше қызығушылық танытты. Оның айтуынша, бұл сала шетелдік инвесторлар үшін инвестициялық жағынан тартымды, аса перспективалы бизнес түрі болып саналады. Италия бизнесмені осы бағыттағы әңгімені облыстық Кәсіпкерлер палатасында Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықовамен кездескенде де талқылады. 

«Аймақта кәсіпкерлік субъектілерінің 40%-нан астамын әйелдер қауымы басқарады. Әйел-кәсіпкерлер қызмет көрсетуден бастап өнеркәсіп саласына дейін еңбек етіп келеді. Сондықтан, менің ойымша, өңірлік бизнес үшін Италиядағы кәсіпкерліктің даму тәжірибесі қызықты болмақ. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз», - деді Римма Салықова кездесу барысында.

null Ал жергілікті кәсіпкерлермен әңгімесінде Сильвия Пессини италиялық кәсіпкерлердің шикізатты қайта өңдейтін бірлескен жаңа кәсіпорындар құруға ынталы екенін жеткізді. Оның айтуынша, ондай кәсіпорындар су жаңа технологиялармен жабдықталып, сапалы қазақстандық шикізатпен қамтамасыз етіліп отырады. Осылайша, 2018 жылдың соңына дейін өңірде бес кәсіпорын ашылатыны жоспарланған.

«Алматы облысында жүзеге асырылатын жобалар таңдалды. Біз жаңа бағыттағы кәсіпорындар ашып, олардың дамуына көңіл бөлетін боламыз. Италиялық банктер мен қорлар бұл жобаларды қаржыландыруға дайын. Соя, алма және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сонымен бірге агротехниканы шығаруға қызығушылық жоғары», - деді Сильвия Пессини.

Жұмыс сапары аясында ол өңірдің бірқатар фермерлік шаруашылықтарында болды.

Айта кетейік, «Areas More» компаниясы агроөнеркәсіптік кешенде табысты еңбек етіп жатқан ірі кәсіпорын. Бүгінгі таңда кәсіпорын 50 компаниямен серіктес және әлем бойынша 100-ден астам компаниямен әріптес атанған.

Соңғы жаңалықтар