Алматы облысында ішімдік үшін қарияның үйін тонағандар ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Алматы облысының Ескелді ауданында 93 жастағы ерлі-зайыпты қариялардың үйін тонаған күдіктілер ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдын-ала тексеру барысында анықталғандай,  күдіктілер ішімдікке сылқия тойып алып, алкогольдік мас күйде отырысты жалғастыру мақсатында ақша іздеген. Өзара ақылдасу кезінде қарсылық көрсетуге шамалары келмейтін аудан орталығының егде жастағы қарияларын тонау туралы шешімге келген. Ол үйден ақша табылмағаннан кейін, үстел үстіндегі ноутбукты алып кеткен. Дегенмен, оны сатып үлгермеген.

«Полицияға көмек сұрап хабарласқан қоңырау бойынша 93 жастағы ерлі-зайыпты қариялардың үйіне қара түсті бетперде киген белгісіз екі адам келіп, тапа-тал түсте күш көрсетіп, ақша талап етіп, үйдегі ноутбукты алып кеткен. Бұл қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары барысында аудан орталығының еш жерінде қызмет жасамайтын 34 және 35 жастағы екі азаматы ұсталды. Тексеру барысында қолды болған ноутбук пен қара түсті бетперделер, қолғаптар күдікті тұратын үйдің шатырынан табылды. Олар іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді»,- деп мәлімдеді  Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта қос күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. 34 және 35 жастағы азаматтар аудандық уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Соңғы жаңалықтар