Алматы облысында Іле ауданы әкімінің көмекшісі қамауға алынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының Іле аудандық соты облыстық жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тергеушісінің М.Жұмағұловты 2 айлық мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын бекіту туралы өтінішін қанағаттандырды.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, М.Жұмағұлов Қылмыстық Кодекстің 366-бабының 2-бөлімімен (ірі көлемдегі пара алу) қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасағанында күдікті танылып отыр.

Сот жедел-іздеу шараларын өткізу кезінде Іле ауданы әкімінің көмекшісі М.Жұмағұлов Іле ауданы әкімдігінің бас маманы А. арқылы К. есімді азаматтан Байсерке ауылдық округінде орналасқан коммерциялық нысанның жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуі үшін 15 000 доллар көлемінде пара алғанын анықтады.

«М.Жұмағұловтың заңмен 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отырған құқық бұзушылықты жасағанында күдікті танылуын есепке алған сот оның бостандықта жүріп, тергеу мен сот органдарынан жасырына алатынын, істің объективті тергелуіне қарсылық таныта алуын есепке алып, оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды», - деп түсіндірді баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, Алматы облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент қызметкерлері Іле ауданы Өтеген кентінде «Алматы-Қапшағай» күре жолында пара алып жатқан кезде Іле ауданы әкімінің көмекшісі М. Жұмағұлов пен аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ф. Ерқожановты ұстаған болатын.

Соңғы жаңалықтар