Алматы облысында ғасыр жасаған кейуана референдумға қатысты

Фото: None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында алғашқылардың бірі болып Жаркент қаласының тұрғыны, 100 жастағы Зейнелхан Оспанова референдум учаскесіне келіп, өз дауысын берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұрпақтарым аман болсын! Артымыздағы жастар жасасын! Қазақстанымыздың жақсы бір азаматтары болып өссін! Қазағымыздың саны көбейе берсін! Жаркентіміз көркейе түссін!» - деп кейуана батасын да берді.

12 құрсақ көтерген алтын алқа иегері саналы ғұмырындағы барлық саяси науқандарға белсенді қатысып келеді. Әсіресе, соңғы 30 жылдағы әр сайлау мен референдум есінде қалғанын айтады.

«Ғасыр жасаған әже әркез жастарға үлгі болып, мемлекеттің іргесін нығайту бағытындағы өзгерістерге қатысуға тырысады», - дейді референдум учаскесінің мүшелері.

Дәстүр бойынша алғашқы дауыс берген адамға естелік сыйлық табысталды. Жалпы, бүгін Алматы облысы бойынша 1053 учаске өз есігін айқара ашты. Өңірде дауыс беру құқығына ие электорат саны 1 млн 200 мыңнан асады.

Айта кетсек, орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман мәлім еткендей, дауыс беру 9 964 учаскеде өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар