Алматы облысында есірткі жасайтындар 18 млн теңгеге ферма сатып алған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы облысының полицейлері Іле ауданы аумағында ірі көлемдегі есірткі жасайтын зертхананы анықтап, жолын кесті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы облысында полицейлер есірткінің ауқымды өндірісін тоқтатты. Атап айтқанда, Іле ауданының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлері Алматы облысындағы әріптестерімен бірлесіп есірткі зертханасын құрмақ болғандардың жолын кесті. Межреченск кенті маңындағы құрылыс полицейлердің назарын аударды. Анықталғандай, белгісіз біреулер 1 гектар жерді таспен қоршап, ауыл шаруашылығына қатысы жоқ жабдықтар әкеліп, трансформаторды электр желісіне қосқан. 20 канистрді прекурсорлармен тасымалдау кезінде полицейлер екі жергілікті тұрғынды ұстады», - деді Шұғыла Тұрлыбек ведомствода онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Ұсталғандардан психоактивті заттар табылған.

«Аталған құрылыс алаңы бұрын ферма болған, кейін күдіктілердің бірі оны 18 млн теңгеге сатып алған. Учаскені биік етіп қоршап, көзден тасалаған және уақытша баспана, монша мен гараж салған. Күдіктілер сырт көзді алдау үшін мал ұстайтын орындарды да қарастырған. Ал есірткі жасап шығаруға арналған бөлек бөлме бар болып шықты. Ескірткі зертханасының іші толық жабдықталған», - дейді ол.

Оның айтуынша, күдіктілерден есірткі өндіруге арналған жабдықтар мен 1000 литрден астам прекурсор тәркіленді. Сондай-ақ, аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Соңғы жаңалықтар