Алматы облысында ерекше адам тұрады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Қапшағай қаласына қарасты Шеңгелді ауылында ерекше адам тұрады. Базарбек Кенжебеков есімді тұрғынның бүкіл ішкі құрылысының орны ауысып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

59 жастағы тұрғынның бүкіл ағзасын УЗИ-ге түсіріп, тексеру жүргізген Қапшағай қаласының дәрігерлері бұл таңғаларлық жағдай дейді. Олардың айтуынша, жалпы тәжірибелерінде жүректің оң жақта орналасуы кездеседі. Бірақ бүкіл органның орны ауысқанын көрмедік деп отыр.

«Базарбек Кенжебековтың жүрегі оң жақта орналасқан. Бауыры оң жағында болуы керек, бұл кісінікі керісінше сол жағында. Өті сол жағында. Көк бауыры оң жағында, ол сол жақта болуы керек. Бұл таңғаларлық жағдай. Өте сирек кездеседі», - дейді Қапшағай қалалық ауруханасының дәрігері Айсұлу Оңғарова.

Ең бастысы дәрігерлер ақсақалдың жағдайы жақсы екенін айтады. Ерекше тұрғын да өзін әркез сергек сезініп, шаршауды білмеймін деп отыр. Бірақ ол осы уақытқа дейін бүкіл ішкі құрылысының орны ауысып кеткенін білмепті.

«Денсаулығым жақсы, ешқашан ауырып көрген жоқпын. Өмірі жұмыс істегенде шаршамаймын», - дейді Базарбек Кенжебеков.

Өзге тұрғындардан табиғаты бөлек жанның күнделікті тірлігі есек арбасына отырып, көшелердегі қоқыстарды жинаудан басталады екен. Бұл қызметі үшін ол әкімдіктен 35 мың теңге жалақы алатынын айтады. Ал өмір бойы басында баспанасы болмай, өзгенің үйін паналап жүрген Базарбек Кенжебеков үш баланың әкесі. Кенжесі екінші топтағы мүгедек.

Соңғы жаңалықтар