Алматы облысында екі күнде мал ұрлығының 39 дерегі ашылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тәртіп сақшылары «Мал ұрлығы» республикалық алдын алу іс-шарасы барысында екі тәулік ішінде мал ұрлығының 39 дерегін әшкереледі.

Оның 30 дерегі бұған дейін жасалған қылмыс болса, оның ішінде он үш мал ұрлығы «бұрынғы жылдар» санатына жатады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық іс-шара 14-16 мамырға жоспарланған. Екі күн ішінде облыста 9 мал ұрлығы тіркеліп, 17 бас мал қолды болған. Полицейлердің жедел іздестіру шаралары барысында қылмыстардың барлығы ізі суымай ашылып, барлық мал өз иелеріне қайтарылды. Айта кетейік, бұған дейін жасалған қылмыстарды ашу кезінде Еңбекшіқазақ, Талғар және Кербұлақ аудандарының полицейлері жақсы нәтиже көрсетті»,- деп мәлімдеді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жыл басынан бері полицейлер облыс аумағында мал ұрлығын кәсіп қылған кәнігі ұрылардың 34 тобын құрықтаған. Олардың 96 қылмысқа қатысы бары анықталып, сәйкесінше айып тағылды.

«Бірнеше күн бұрын 4 адамнан құралған ұрылар тобы ұсталды. Олар былтырғы қыркүйектен бері 80 бас жылқыны қолды қылған. Іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары 43 жылқыны тауып, иелеріне қайтарып берді. Сондай-ақ, ұрланған малды сатып алушылар мен сату орындары да әшкере болды. Полицейлер ұрылармен қатар, сатып алушыларды да жауапқа тартуға мүдделі. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда»,- деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар