Алматы облысында екі ғасырдан астам уақыт еңбек сіңірген энергетиктер әулеті тұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Темірбековтар әулеті екі ғасырдан астам уақыт бойы Алматы облысының энергетика саласында үздіксіз еңбек етіп келеді. Әулеттің бүгінгі ұрпақтары да осы салаға маманданып жатқанын ескерсек, игі дәстүр әлі де ұзақ жылдар бойын жалғасын табады деп пайымдауға болады.

Еңбек династиясының белді өкілі Дархан Темірбеков ҚазАқпарат тілшісіне 200 жыл бойы атадан балаға мұра болып келе жатқан кәсіптің қыр-сыры туралы айтып берді.

Дархан Темірбеков 1984 жылы Райымбек ауданы, Текес ауылында туған. 2001 жылы мектеп бітірген соң 2002 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің электрлендіру және автоматтандыру факультетіне оқуға түскен. 5 жыл бойы жоғары білім алған соң, 2007 жылы туған ауылына оралған.

«Бала кезімнен әкемнің қасында көп жүретінмін. Техникаға, электр саласына жақын болып өстім. Электрмен байланысты жұмыстардың біразын мектепте оқып жүргенде-ақ меңгердім. Әкем үйренгенің өзіңе жақсы деп ұдайы айтып отыратын. Соған қарай мен де еңбекке ерте араластым. Әкемнің кәсібіне деген қызығушылығым да ерте оянды. 2007 жылы 1 қазанда Райымбек ауданы электр тарату торабына өндірістік техникалық топ инженері болып келдім. Содан бері сол мекемеде жұмыс істеп келемін. 2012 жылы Текес ауылына ауыстым. Қазір Текес бөлімшесінің шеберімін», - деді ол.

Темірбековтар династиясының энергетика саласына жалпы еңбек өтілі 200 жылдан асады.

Кеңес дәуірінде бұл салаға Темірбек қарияның үлкен ұлы Рысбек Рахметжанов 1965 жылы ең алғаш рет РЭС қалыптасқанда бірінші келген мамандардың бірі. Кейінірек, нақтырақ айтқанда 1970 жылдары Есік қаласындағы бөлімшеге ауысқан. Сол жерде ұзық жылдар қызмет етіп, техникалық қауіпсіздік жөніндегі бастығы лауазымына дейін көтерілген. Сол кісінің артынан осы салаға екі бауыры Дәулетбек Рахметжанов пен Әлиасқар Темірбеков те келген.

Дәулетбек Рахметжанов осы салада 1970 жылдан 2008 жылға дейін еңбек етіп, білікті маманға айналған.

Қазір Рысбек Темірбеков пен Даулетбек марқұмның қызметін артындағы ұрпағы жалғастырып келеді. Ермек Рахметжанов қазір Есік қаласында подстанса басшысы. Оның ұлы да жақында энергетика саласы бойынша колледж бітірді. Қазір әсери борышын өтеп жатыр. Келген соң ата кәсібіне кірісетіні анық.

Рысбектің екінші ұлы Еркін Рахметжанов та электр энергиясы саласында қызмет етіп жүр.

Ал Дәулетбектің ұлы Бауыржан Рахметжанов қазір жекеменшік компанияда электрик болып қызмет етеді.

Сонымен қатар, Темірбековтар отбасының келіні, Ермек Рахметжановтың анасы Шолпан Әлиева да энергетика саласында еңбектеніп, зейнетке шыққан.

Ал Дарханның әкесі - Әлиасқар Темірбеков энергетика саласында табаны күректей 46 жыл еңбек еткен.

«Менің әкем 1970 жылдардан бастап 2016 жылға дейін 46 жыл жұмыс істеді. Ол жылдары электр энергиясын алатын қуат тапшы. Дизельден электр энергиясын алатын. Ең алғаш рет әкем дизельші болып кірген. Сосын электромонтер, одан кейін мен сияқты шебер болды. Одан кейін - кезекші инженер, ары қарай аға инженер болды. 1997 жылдан бастап подстансада кезекші монтер болып қызмет етті. Қазір зейнеткер, ардагер энергетик», - деді Дархан Темірбеков.

Әр кәсіптің өз қиындығы мен қаупі бар екені рас. Ал электриктер өмірінде саперлер сияқты 2-ақ рет қателесе алады дейді кейіпкеріміз.

«Біріншісі мамандықты таңдаған кезде қателесуіңіз мүмкін. Екіншісі адам өмірімен байланысты. Ондайға жол бермеуге тырысамыз. Біздің жұмыста барынша мұқият болу керек. Қазір мен үшін қарауымдағы 10 шақты адамым таңнан кешке дейін жұмысын істеп, аман-есен үйіне қайтқаны күнделікті қуаныш. Мен қазір Текес бөлімшесінің шеберімін. Қарауымда 7 ауыл бар. Текес, Сарыбастау, Қақпақ, Қайнар, Тегістік, Көксай, ары қарай қазақ-қытай шекарасындағы заставалар бар. Осы ауыл аймақтардың электр энергиясымен үздіксіз қамтылуын қадағалаймыз», - деді ол.

Темірбековтар әулеті бастары қосыла қалса да электр энергиясы жайлы сөз етеді.

«Біздің көз ашқалы бері көргеніміз – осы сала. Қиындығы да жоқ емес. Әсіресе шекарада орналасқан заставаларға қыс кезінде барғанда кейде көліктің дөңгелегі жарылады, кейде бензин бітіп қалады. Сол кезде орман аралап, омбылап түн ішінде қасқыр қайдан шығар екен деп елеңдеп жүрген кездер болды», - деді Дархан Темірбеков.


Соңғы жаңалықтар