Алматы облысында екі адамды құтқарған полицейлер марапатталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында екі адамның өмірін құтқарған полицейлер ҚР ІІМ ТЖК төрағасының алғыс хатымен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«24 ақпанында шамамен таңғы сағат 5-де Алматы облысы Полиция департаменті Жол-патрульдік полициясы батальонының инспекторлары Иван Быков, Шыңғыс Иманбаев және Айдос Молдағалиев қызмет атқару барысында Талғар ауданы, Панфилов кенті, Майлин көшесіндегі №3 үйдің шатыры жанып жатқанын байқап, дер кезінде Талғар ауданының өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктіне, полиция басқармасына және жол-патрульдік полиция батальонының кезекші бөліміне баяндады», делінген хабарламада.

Өртеніп жатқан үйде адамдар бар екендігін және өрттің шатырдан бөлмелерге өтетінін ұққан полицейлер өз өміріне төнетін қауіпті ойламай, өрт сөндірушілердің келуін күтпестен үйдің иесі 84 жастағы әжесі мен 35 жастағы немересін жанып жатқан үйден алып шықты.

Қызметкерлердің батыл қимылдауының арқасында екі адам құтқарылды.

«Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен қайсарлығы және адам өмірін құтқарғаны үшін полицейлер Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ведомстволық наградасымен марапаттауға ұсынылды.

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің орынбасары Серікхан Тұраров салтанатты түрде үш полиция қызметкеріне ТЖК төрағасы Владимир Беккердің қолы қойылған алғыс хаттарды табыс етті», - делінген хабарламада.

С. Тұраров полицейлерге адамдарды құтқарғаны үшін алғыс білдіріп, еңбектерінде табыс тіледі.

Соңғы жаңалықтар