+7 (701) 759 90 19
USD 425.73 EUR 498.32
RUB 5.8 CNY 65.85
Jańalyqtar

Алматы облысында бүркітші туристерге арналған этноауыл ашпақ

2021 жылғы 9 ақпан 17:12
Бөлісіңіз:
Алматы облысында бүркітші туристерге арналған этноауыл ашпақ

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында кәсіби бүркітші Қуаныш Исабеков туристерге арналған этноауыл ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол этноауыл өзі туған Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра ауылының маңында бой көтерсе дейді. Елдімекен Алматы қаласынан 141 шақырым жерде орналасқан.

«Дәл осы жер түлкі, қоян мен басқа да аңдарды аулауға ыңғайлы. Жыл сайын құсбегілікті тамашалауға 20-30 турист келеді, олардың көбісі Еуропадан. Бүркітшінің өнері шетелдіктердің қызығушылығын тудырып отыр», - дейді Қуаныш Исабеков.

37 жастағы Қуаныш әкесі мен атасынан мұра боп қалған істі жалғастырып келеді. 16 жасында ол бүркітті алғаш рет қолға үйретіп, содан бері құсбегілікпен айналысады. Отбасымен бірге ұлттық құсбегіліктің ерекшеліктеріне арналған «Жеті қазына» мұражайын да ашқан.

Қуаныш - республикалық және халықаралық деңгейдегі бүркітшілер байқауының жеңімпазы. Енді өзінің сүйікті ісін толыққанды табысты кәсіп көзіне айналдырғысы келеді. Қазір оның жеті бүркіті, екі қаршығасы, екі ителгісі және сегіз тазы иті бар.

«Туристер үшін аң аулау ісі, біздің табиғатымыз бен әдет-ғұрпымыз өте қызықты. Әдетте құсбегілік маусымы қазан айында басталып, ақпанның ортасына дейін жалғасады. Дәл осы кезеңде туристер бірнеше топпен келеді. Олар біздің тұрмысымыз бен бүркітпен аң аулаудың ерекшеліктерімен танысады. Туристер Канада, Ұлыбритания, Швеция, Германия, Франциядан. Олардың арасында кәсіпкерлер, саяхатшылар мен фотографтар көп. Кейбірі, тіпті, жыл сайын келеді», - дейді ол.

Пандемияға байланысты 2020 жылы бүркітшілер ауылында туристер болмады. Алайда, ата кәсіп иелері үшін ішкі туризмді дамыту бағыты ашылды. Өткен жылы Қуаныш Исабеков Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасынан кеңес алып, бизнес негіздерін оқытатын «Бизнес мектеп» жобасына қатысты. Кейін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант алуға өтінім берді. Жоба сәтті шығып, комиссия жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Енді осы қаражатқа жас кәсіпкер өз ойын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

«Қуаныш Исабеков «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант алды. 3 млн теңге. Енді ол осы қаражатпен кәсібін бастайды», - деді Алматы облыстық Кәсіпкерлер Палатасының баспасөз хатшысы Диас Бейсенбеков.

Істің басы-қасында, оны жүргізуді жанұясы қолға алмақ. Қуаныш үш баланы тәрбиелеп отыр. Ол балаларын кішкентайынан бастап құсбегілікке баулып келеді.

«Бүркіттер ерекше қамқорлықты қажет етеді. Оларға жақсы күтім жасау керек, сүйіспеншілік таныту керек, сонда ғана сізді тыңдайды. Құсқа айқайлап үйрете алмайсың. Сонымен бірге, бүркітші жаман әдеттерден аулақ болып, «таза» болып жүруі маңызды. Себебі, аспанда биікте қалқып ұшатын құс бәрін сезеді», - дейді ол.

Мұнымен қоса, Қуаныш Исабеков құсбегілік саласы мемлекеттік қолдауды қажет етеді деп санайды.

«Мысалы, бүркіт немесе тазыны ұстау оңай шаруа емес. Жазда бүркіт күн сайын 2-3 келі ет жейді. Сол себепті субсидиялауды енгізу қажеттілігін қарастырып көру керек. Қалай дегенде де ынталандыру шаралары қажет. Моңғолия мен Қырғызстандағы бүркітшілер Қазақстандағы құсбегілік өнерінің дамуына тәнті. Себебі біздің елде бұл өнермен айналысатын жастар саны көп», - дейді ол.

Бүгінде бүркітші, әрі кәсіпкер Қуаныш Исабеков құсбегіліктен Шығыс Қазақстан облысы мен Түркия Республикасында өтетін жарысқа қатысуға дайындығын пысықтап жатыр.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Самал Қабышева

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT