Алматы облысында биыл экология заңдарының бұзылуына байланысты 257 іс қозғалды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың І жартыжылдығында Алматы облысында полицейлер табиғат қорғау заңнамасының талаптарын бұзудың 749 дерегін әшкерелеп, оның 257 дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Әкімшілік хаттама толтырылған 492 тұлғаға 3 456 350 теңге айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысының тәртіп сақшылары арнайы іс-шара барысында атуға тыйым салынған бұғы аңын атып алу дерегін анықтады.

«Кеген ауданына қарасты «Екіаша» жайлауында 39 жастағы ауыл тұрғынының УАЗ автокөлігінен жабайы аңның еті мен терісі табылды. Күдіктінің айтуынша, ол бұғының еті, мүйізі мен терісі екен. Аңның еті, мүйізі мен терісі тәркіленіп, сараптамаға жолданды»,- деді Алматы облысы ПД Табиғат қорғау полициясының инспекторы Бағлан Рымжанов.

Сонымен қатар, Ескелді ауданының полицейлері де табиғат қорғау заңнамасын өрескел бұзған жергілікті тұрғынның ісін әшкере қылды. Жоғалу қаупі төнген өсімдіктерді жинады деген күдікке ілінген 38 жастағы тұрғынның үйінен жалпы салмағы 32 килограмм болатын «пиау» тамыры табылып, тәркіленді. Тергеу барысында қызыл кітапқа енгізілген тамырды ол «Мыңбұлақ» атты таудан емдік мақсатта пайдалану үшін қазып алғаны анықталды.

Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама қорытындысына сәйкес мемлекетке келтірілген материалдық шығын анықталатын болады. Күдікті тұлғалар тергеу барысында мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.

Полиция өкілінің ақпаратына сәйкес, Балқаш ауданының тәртіп сақшылары табиғат қорғау органдарымен бірлесе отырып, бір тәулік ішінде заңсыз балық аулаудың екі дерегін анықтаған. Қарағанды облысының 26 және 29 жастағы екі тұрғынынан пластикалық қайық, қозғалтқыш моторлар, 500 метрлік балық аулары және 150 килограмға жуық балық тәркіленді. Екі дерек бойынша мемлекетке 1 миллион 300 мыңнан астам материалдық шығын келтірілгені анықталды.

Соңғы жаңалықтар