Алматы облысында бірнеше жарыста жеңіске жеткен ағылшын-араб тұқымды жылқы ұрланды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат- Алматы облысында бірнеше жарыста жеңіске жеткен ағылшын-араб тұқымды жылқы ұрланды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 ақпанда Кеген ауданы Полиция бөлімінің кезекші бөліміне Ақсай ауылының 87 жастағы тұрғыны үйінің қорасынан өзінің ағылшын-араб тұқымды, әртүрлі жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері болған жылқысының ұрланғаны туралы арызбен жүгінді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері екі күдікті азаматты ұстады. Бірі, 2001 жылы туған Кеген ауданының тұрғыны, екіншісі 25 жастағы Алматы қаласының тұрғыны. Ұсталған азаматтар жылқының құнды тұқымды екенін біле тұра, оны жүк көлігімен ауданнан тыс жерге шығарып, белгісіз тұлғаға сатқанын мойындады. Қазіргі уақытта ұсталған азаматтар уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Жылқыны іздеу жұмыстары басталды.

Ұрлық фактісі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 188-1Б.3 т.2б тіркелді.


Соңғы жаңалықтар