Алматы облысында балық аулауға қатаң тыйым салынды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес 5 сәуірден бастап су қоймаларында балық аулауға тыйым салынған. Осыған орай Алматы облысының тәртіп сақшылары көктемгі уылдырық шашу кезеңінде балықты заңсыз аулаушылардың жолын кесу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

23 сәуір күні облыстық полицейлер табиғат қорғау инспекциясымен бірлескен рейд барысында заңсыз балық аулаған Балқаш ауданындағы Аққұм ауылының маңында 42 жастағы Қарағанды облысының тұрғынын ұстады. «Күдіктіден «ЯМАХА-90» маркалы аспалы қозғалтқышты «АМУР» қайығы, пластикалық қыл жіптен жасалған ау және басқа жабдықтар мен ауланған балық тәркіленді. Дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Мемлекетке 300 мыңға жуық материалдық шығын келтірілген», - деп атап өтті облыстық Табиғат қорғау полициясының инспекторы Бағлан Рымжанов.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары 20 күн ішінде «Уылдырық шашу» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 50-ден астам хаттама толтырып, 8 тұлғаға қатысты табиғат қорғау заңнамасы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

Өз кезегінде, полицейлер іс-шараның мамыр айының соңына дейін жалғасатынын айтып, облыс тұрғындарын балықтардың уылдырық шашуына кедергі келтірмеуге шақырады.

Соңғы жаңалықтар