Алматы облысында баланы талап өлтірген иттердің ветеринарлық құжаттары болмаған

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған маңындағы саяжайда баланы талап өлтірген питбуль тұқымдас иттердің бірде-бір құжаты болмаған. Бұл жөнінде ҚазАқпарат тілшісінің сауалдарына жауап берген иттердің иесі Әділжан Оңғарбаев айтты.

Жантүршігерлік оқиға болған күні Әділжан Оңғарбаев Талдықорғанда болмаған. Иттері Мерекелік саяжайында 7 жасар баланы талап тастағанын телефон арқылы естіген. Ә. Оңғарбаев саяжайда питбульдарды 4 жылдан бері асырап келген. Бүгінге дейін олардың саны жетеуге жеткен.  Анықталғандай, иттердің бірде-бір құжаты болмаған. Жануарлардың иесі иттерді тек үйді күзету мақсатында өсіргенін, сатумен айналыспағанын айтуда.

Әділжан Оңғарбаевтың сөзінше, асырап отырған питбульдардың барлығын оқиғадан кейін атқызып тастаған.null 

«Сол кезде олар күйлеп жүрген еді. Сондықтан вольерға қамап тастағанмын. Көрші бала темір өткізу үшін екі баланың сыртта күтіп жүргенін айтқан еді. Иттер соларға үріп, шығып кеткен ғой. Бізде де кішкентай балалар бар. Көрші балалар да сол иттермен ойнайтын. Ары-бері қыдырту үшін босатып алып кететін. Иттер ешкімге тиіспейтін. Бұлай боларын кім ойлап еді. Өте қайғылы жағдай. Сұмдық оқиғаны естігенде есеңгіреп қалдым. Бірден қалаға жеттік. Баланың қасында соңғы сәтке дейін отбасым ауруханада болды. Амандығын тіледік. Амал қанша.  Бәрімізде де бала бар. Өте қайғылы жағдай. Заң алдында жауап беремін, жауапкершіліктен қашпаймын. Баланың әке-шешесінен қайғырып, жалына кешірім сұраймын. Барша қазақ елінен кешірім сұраймыз»,  - деді Әділжан Оңғарбаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, баланың өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 104-інші, яғни «Абайсызда қазаға ұшырату» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. ҚР ҚК-нің аталмыш бабына сәйкес, кінәлі тұлғаға үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе сол мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылады.

Екі пидбульға таланған бала 6 қараша күні сағат 17:00 шамасында Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен  2011 жыл туған оқушы 7 қараша күні сағат 13:35-те қайтыс болды.

Алматы облыстық Полиция департаментінің өкілі Көбейхан Нұрахметов иттердің иесі анықталып, ол арнайы қолғатпен жіберілгенін айтты. «Тергеу облыстық полиция департаментінің қатаң бақылауында», - деді ол.

 

Соңғы жаңалықтар