Алматы облысында бақ өсіру ісі жанданып келеді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында бақ өсіру ісі жанданып келеді. Мәселен, Жамбыл ауданындағы «Green farm» шаруа қожалығы биылдан бастап үш жыл ішінде 220 мың дана жаңғақ ағашының «Чандлер», «Франкет» сортты көшеттерін 800 гектар аумаққа отырғызуды көздеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жобаның алғашқы кезеңіндегі инвестиция көлемі 1,8 млрд. теңгені құрайды. «Жуырда 200 гектарға 40 мың көшет ектік. Бақтың 400 гектарына тамшылатып суару әдісін қолданатын боламыз. Ол үшін қазіргі кезде 2 ұңғыма бұрғыланып, француз технологиясы бойынша су жинау үшін 5 мың текше метрлік екі бассейннің құрылысы аяқталды. Жалпы бір ағаштан алғашқы 4-5 жылда 5 килограмнан, одан кейінгі 10-11 жылда 180 келіге дейін өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз», - деді шаруашылық басшысы Махмет Мимикенов.

Облыс əкімі Мимикеновтер отбасының бұл игі бастамасына «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау шараларын қарастыруды облыстық кəсіпкерлік жəне ИИД басқармасының басшысы М. Мұратқа тапсырды.

Сапар барысында су жəне газға арналған полиэтилен құбырларын, фланцтер, фитингтер шығаратын «Plast invest» зауытының цехтарында болып, жұмыс барысымен танысты. Зауыт өткен жылдың 9 айында 1912,6 млн. теңгенің өнімін өндірген.

Сүт өндірісі де облыс әкімі Амандық Баталовтың назарынан тыс қалған жоқ. Қарақыстақ ауылындағы «Табыс» шаруа қожалығының 600 басқа арналған сүт кешені өнімді еңбек етуде. Оның жобалық құны 1 млрд. 780 млн. теңгені құрайды. Сүт кешеніне Украинадан 300 бас асыл тұқымды сиыр сатып әкелінген. Кешен жылына 6 тонна сүт шығаратын қуатқа ие.

Кешен директоры Талғат Естібековтің айтуынша, алдағы уақытта сүт өңдейтін зауыт салу жоспарланып отыр. Ол үшін арнайы жер бөлініп, құжаттары дайындалған.

Өңір басшысы «Алматы Сұңқар құс фабрикасы» ЖШС-не арнайы барды. Жобалық құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын зауыт нарықта 2012 жылдан бері еңбек етуде. 2016 жылы мұнда 42,4 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Биылғы жылы 80 млн. дана, 2018 жылы 130 млн. дана жұмыртқа өндіру жоспарланған. 750 млн. теңгеге фабрикада кеңейту және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрал-жабдықтар мен құс басы сатып алынды. Мұнда жұмыс істейтін 80 адамның ең төменгі жалақысы 172 мың теңге. Бұл туралы облыс басшысына фабрика директоры Дмитрий Чалых баяндады. Амандық Баталов жұмысшыларына жағдай жасап, барлық заңнама талаптарына сай жұмыс істеп отырған осындай кəсіпорындар басқаларға үлгі бола алатынын айтты.

Жамбыл ауданына жасаған жұмыс сапарының соңында облыс басшысы Ұзынағаш ауылының егжей-тегжейлі жоспарымен танысты.
«Жамбыл ауданы жер бедері жағынан да, климаты жағынан да ауыл шаруашылығы бойынша кластер құруға өте қолайлы аймақ. Бүгінгі көрген «Империя Фуд» ЖШС-ның айналасында ет кластерін құру керек. Шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктірудің базасында осындай іргелі, жаңа технологиямен жұмыс істейтін, сапалы өнім шығаратын, техникалық жағынан қамтамасыз етілген кəсіпорындар болса, өнімін өткізу, тасымалдау жағынан шаруаларға да қолайлы болар еді. Жалпы отандық кəсіпорындарды, өз өнімдерімізді қолдау шараларын нығайта түсуіміз керек, - деді сапар соңында Амандық Баталов.

Соңғы жаңалықтар