Алматы облысында бағалы тондарды ұрлады деген күдікпен екі әйел ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында екі әйел 13 қаракүзен тонын ұрлады деген күдікпен ұсталды. Қазір жоғалған заттар табылып, иесіне қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Панфилов ауданында болған. 31 қаңтар күні полицейлерге жергілікті Нұркент ауылының тұрғыны арыз түсірген. Жәбірленуші ол жерде 13 қаракүзен тоны ұрланғанын және жалпы шығын көлемі 5 миллион теңгеге бағаланғанын айтқан. Анықталғандай, кәсіпкер әйел бағалы тондарды Алматы қаласына апарып сатам деп жоспарлаған.

«Панфилов ауданының полицейлері күдіктілерді анықтап, екі әйелді ұстады. Ұсталғандардың екеуі де - көрші ауылдың 20 және 23 жастағы тұрғындары болып шықты. Ұрланған 13 қаракүзен тонның барлығы табылып, иесіне қайтарылды. Қазір осы фактіге орай ҚР ҚК 188-бабының (Ұрлық) 4-ші бөлігіне сәйкес соталды тергеу басталды», - деп мәлімдеді аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Ал екі күдікті әйелден тергеу барысында ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынып, үйлеріне жіберілген.

Соңғы жаңалықтар