Алматы облысында айыппұл өндіру бойынша арнайы шара басталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында полицейлер әкімшілік айыппұлды қасақана төлемегендермен күресуді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының аумағында полиция қызметкерлері жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының, мемлекеттік кірістер органдарының және Әділет департаментінің өкілдерімен бірлесіп, айыппұл, салық міндеттемелерін, алимент және басқа да төлемдерді төлеуден жалтарған жүргізушілерді анықтау мақсатында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.

«Жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күнгі жұмысының нәтижесі бойынша қамауға алу түріндегі шектеуі бар 172 көлік тоқтатылды. Борышкерлерге қатысты жалпы сомасы 2 млн 904 мың 584 теңгеге 154 қаулы орындалды. Айыппұл төлеу туралы 18 хабарлама берілді»,- деді Алматы облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Саят Ибраимов.

«Крис-П» радарлық-кешенді қондырғысы шектеуі бар көлік құралдарын анықтауға септігін тигізуде. «Қондырғы патрульдік полиция қызметкерлеріне сигнал береді, полиция қызметкерлері өз кезегінде көлікті одан әрі тексеру үшін тоқтатады. Аталған іс-шара қолданылған жазаны төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді анықтауға бағытталған. Мұндай акциялар тұрақты негізде өткізіледі»,-деп толықтырды полиция майоры Саят Ибраимов.


Соңғы жаңалықтар