Алматы облысында автокөліктен 9 келіден астам есірткі тәркіленді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Райымбек ауданының аумағында «Мерседес-Бенц» автокөлігінің жүксалғышынан ірі көлемде есірткі тәркіленді. Полицейлер жүргізген арнайы рейд барысында қолға түскен күдіктілер - Талғар ауданының тұрғындары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көлікті 28 жастағы азамат басқарған, ал машинада 19 жастағы жолаушы болды. Екі азамат та - Талғар ауданының тұрғындары. Автокөліктің жүксалғышын тексеру барысында полицейлер жалпы салмағы 9 килограмм 339 грамм болатын марихуана тауып, оны тәркіледі. Ұсталған тұлғалар жергілікті полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта есірткі тәркілеу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде»,- деп мәлімдеді Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктілер мекенжайын ауыстырмау туралы міндеттеме бойынша босатылды.
ІІД таратқан ақпаратқа сәйкес, облыстың тәртіп сақшылары жыл басынан бері 4 тоннадан астам әртүрлі есірткіні заңсыз сауда айналымынан тәркілеген. 

Соңғы жаңалықтар