Алматы облысында аудан әкімінің орынбасары төбелесті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімі орынбасарының мейрамханадағы төбелесі әлеуметтік желіні шулатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің аталған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша бұл жаңа жылдық кеш емес.

«Оқиға «Белые розы» мейрамханасында 25 желтоқсан күні, түнгі 00.30-да болған. Аудан әкімінің орынбасары мейрамхана қонағымен сөзге келіп қалған. Дау соңы төбелеске ұласқан. Қазіргі таңда лауазымды тұлғадан түсініктеме алынған. Алдағы уақытта оған қатысты тәртіптік жаза қолданылады», - дед ол «Facebook» парақшасында.

Сондай-ақ ол Жамбыл ауданы әкімінің төрағалығымен өткен отырыста жаңажылдық ұжымдық кештерді ұйымдастыруға тыйым салынған хаттаманың және «Белые розы» мейрамханасы әкімшілігінің Жамбыл ауданы әкімдігінің жаңажылдық кешін өткізбегені туралы түсініктемесі жазылған суреттерді де жариялады.

Айта кетсек, әлеуметтік желіде бірнеше ер азаматтың жаға жыртысып, бір-бірін соққыға жығып, төбелесіп жатқан сәті бейнеленген видео тарады. Желі пайдаланушылар төбелесте Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары мен мемлекеттік қызметкерлерді танып, олар жаңа жылдық ұжымдық кешті тойлап жатқанда төбелескен деп пікір қалдырған.

Соңғы жаңалықтар