Алматы облысында ат жарысына 7 көлік пен 2,3 млн теңге ақша тігілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Бүгін Алматы облысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Кубогы үшін ұлттық ат спорты түрлерінен дүбірлі жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Конституция күніне орайластырылған шара Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» ипподромында ұйымдастырылды.

21-ші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және көрші мемлекеттерден жалпы саны 200-ге жуық бәйгеші қатысты.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құттықтауы мен Жамбыл ауданы ақсақалының батасын алған қатысушылар жарысты бастап кетті.

Көрермендерді қиқулатып, қошеметіне бөлеген тартысқа толы бәйгенің «тай жарысында» Жамбыл облысынан қатысқан «Шөнгер» атты жүйріктің иесі оқ бойы оза келіп, 200 мың теңге сыйлыққа ие болды. Алматы облысының Талғар ауданынан келген Мерхат Бұлғынов есімді шабандоз тізгіндеген «Кәусар» атты тай мәре сызығын екінші болып кесіп өтті. Жүлде көлемі - 150 мың теңге. Үшінші орын Қырғызстан Республикасынан келген «Асанбек ата» ат шаруашылығына тиесілі «Береке» атты сәйгүлік пен оның шабандозына бұйырды. Жүлдесі - 70 мың теңге.

Ал 9 шақырымдық «жорға жарыста» «Қабылан» атты жүйрігімен бірге Қырғыз елінен қатысқан бәйгеші бірінші болды. Мәреге екінші болып Атырау облысының «Асуар» атты жорғасы жетті. Үздік үштікті Қырғызстан Республикасынан топқа түскен «Лепучий» атты жүйрік пен оны иесі түйіндеді. Жеңімпаздарға сәйкесінше «Лада гранта» автокөлігінің кілті, 150 мың және 120 мың теңге табысталды.

11 шақырымдық «құнан бәйгеде» Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны «Қарлығашымен» бірге бірінші орын иеленді. Екінші болып топ жарған - «Әлқисса» атты сәйгүлігімен Жамбыл облысының тумасы. Үздік үштіктен «Мұзбалақ» құнанымен Алматы қаласының тұрғыны көрінді. Жеңімпазға «Лада Гранта» автокөлігі, жүлдегерлерге 150 және 120 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды.

16 шақырымға созылған «топ бәйгеде» Алматы облысының Алакөл ауданынан топқа қосылған «Шымбұлақ» атты сәйгүлік бірінші болды. Оның иесіне «Нива» автокөлігінің кілті табысталды. Екінші орынды иеленген Талғар ауданының (Алматы облысы) «Ғасыр» атты жүйрігінің иесі «Лада Гранта» автокөлігін қанжығасына байлады. Үшінші орын Қарасай ауданының (Алматы облысы) тұрғыны мен оның тұлпары «Дон Франческоға» бұйырып, иесі 150 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.

Осыдан кейін ат жарыстың төресі саналатын 25 шақырымдық «аламан бәйгенің» де кезегі келіп жетті. Оған еліміздің әр түкпірінен 40-қа жуық жүйрік қосылды. Нәтижесінде жеке дара озып, топты жарған Қарасай ауданының «Қаракөз» атты жүйрігін тізгіндеген Байғұрман Сабыржанға «УАЗ Патриот» автокөлігінің кілті табысталды. Мәре сызығын екінші болып кескен Қырғызстаннан келген «Зара» атты сәйгүліктің иесіне «Нива» автокөлігінің кілті сыйға берілді. Сондай-ақ үшінші орынға «Қаракөзді» ерттеген Алматы қаласының қатысушысы, төртінші орынды «Қарлығашқа» мінген Қызылорда облысының тумасы табан тіреді. Жүлдегерлерге сәйкесінше «Лада Гранта» автокөлігі мен 200 мың теңгенің ақшалай сертификаты табысталды.

Жалпы бүгінгі бәйгенің ұтысына 7 автокөлік және 2 млн 300 мың теңге ақшалай жүлде тігілді.




Соңғы жаңалықтар