Алматы облысында ArtSport арқылы пара алған шенеунік айыппұлмен құтылды

None
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Алматы облысында ArtSport мемлекеттік бағдарламасы арқылы пара алған шенеунік пен кәсіпкер ірі көлемде айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«9 желтоқсанда сот үкімімен дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы ArtSport бағдарламасы бойынша жан басына шаққандағы қаржыландырудың мемлекеттік тапсырысына қатысу үшін өнім берушінің өтінімін оң қарағаны үшін кәсіпкерден 400 000 теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 12 млн теңге көлемінде айыппұл (пара сомасының 30 еселенген мөлшері), ал кәсіпкерге 800 мың теңге көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің ресми хабарламасында.

Мемлекеттік бағдарламаға кешенді тексеру жүргізген антикор бағдарламаның өзге де былықтарын ашып көрсетті.

Мәселен осы бағдарламаға қатысып, қызмет ұсынып отырғандар облыстың әртүрлі аудандарында бір мезгілде қызмет көрсеткен.

Бұл көрсетілетін қызметтердің орындалуына күмән келтіреді.

Мәселен, Алматы облысында кәсіпкер спорттың 15 түрі бойынша мемлекеттік тапсырысты жеңіп алып, арақашықтығы 65 км болатын облыстың екі аудан орталығында орналасқан (Іле ауданында, Өтеген батыр кентінде және Еңбекшіқазақ ауданында, Есік қаласы) дзюдо және шахмат үшін С. атты жаттықтырушыны жалдаған.

«Сондай-ақ, тағы бір кәсіпкер Б. атты жаттықтырушыны жалдайды, құжатқа сәйкес Ұзынағаш ауылында (Жамбыл ауданы) және Есік қаласында (Талғар ауданы) ол көркем гимнастикадан сабақ береді. Олардың арасындағы қашықтық 100 км-ден асады»,- делінген ведомствоның хабарламасында.

Сонымен қатар, Алматы облысы көші-қон полициясы басқармасының деректері бойынша ArtSport платформасында 552 бірлік көлемінде ЖСН жоқ немесе деректерге сәйкес келмейтін ата-аналар тіркелген.

Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың алдын ала есептеуінше мемлекет нақты жұмыс жасамайтын 552 тұлғаға (1 қаңтардан қазан айына дейін) 75 млн теңге сомасында бюджет қаражатын төлеген (мәдениет және спорт басқармасының деректері бойынша әр балаға ай сайын орта есеппен 13 600 теңге мөлшерінде бюджет қаражаты көзделген).

Жоғарыда аталған барлық фактілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде.

Айта кетейік, ArtSport мемлекеттік бағдарламасына Алматы облысында қатысушылар саны күрт өсіп, бюджеттен бөлінген қаржы жетпей, үйірмелердің ақшасы төленбей, сол үйірмелерді ашқан кәсіпкерлер шағымданған болатын.

Көп ұзамай кешенді тексеру жүргізіліп, енді үйірме қожайындарының өзінің басы дауға қалды.

Себебі, баланы ЖСН бойынша тіркеп, шын мәнісінде ол үйірмеге қатыспады деген күдік басым.


Соңғы жаңалықтар