Алматы облысында анасымен сөзге келіспеген бозбала үйінен қашып кеткен

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында анасымен сөзге келіспеген 16 жастағы бозбала үйден қашып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 маусым күні сағат 12:00 шамасында Ақсу ауданы полициясының кезекші бөліміне Матай станциясының 38 жастағы тұрғыны арызданған. Ол 16 жастағы ұлының жоғалып кеткендігін жеткізген. Анасы және оның азаматтық некеде бірге тұратын күйеуімен сөзге келіспеген бозбала үйден кетіп қалған. Қалдырған жазбасында, ол бөлек тұрып, колледжде оқығысы келетіндігі салдарынан кеткенін жеткізген. «Хабар-ошарсыз кеткен азамат туралы арыз тіркелгеннен кейін полицейлер бірден іздестіру шараларына кірісті.

Іздеу барысында жасөспірімнің Алматы қаласына жол тартқан пойыздан көргендер анықталды. 10 күннен астам уақыт жас жігітке белсенді іздеу жүргізілді. Соңында, Ақсу және Талғар аудандарының криминалдық полиция қызметкерлерінің бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде оңтүстік астанадан табылып, тәрбиелік -түсіндіру мақсатындағы әңгімелесуден кейін анасына табысталды»,- дейді Ақсу ауданы ПБ ЖПҚБ ювеналдық тобының аға инспекторы полиция подполковнигі Қарақат Нұрлыбекова.

Жасөспіріммен бұған дейін де үйден өз еркімен кеткені үшін психологпен бірлесе ювеналды полиция қызметкерлері алдын алу шарасын жүргізген. Осыған байланысты, қайта тіркелеген дерек негізінде полиция қызметкерлері тізімдік есепке қою туралы шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға тиісті материалдарды жіберді.

«Келесі тәртіп бұзушылық орын алған жағдайда, егер комиссия одан әрі анасына деген бағынбаушылыққа көз жеткізсе, комиссия ҚР «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы « Заңына сәйкес, оны ерекше режимде ұстайтын арнайы білім беру ұйымдарына жіберу мәселесі бойынша материалдарды сотқа дайындау туралы шешім қабылдауға құқылы»,- деп түсіндірді подполковник Қарақат Нұрлыбекова.

Сонымен қатар, полицейлер ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне әкімшілік жауапкершілік туындайтынын атап өтті. Егер кәмелетке толмаған азамат алкогольді, есірткіні пайдаланса немесе қаңғыбастықпен, қайыршылықпен айналысса, не қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаса, бұл жауапкершілік ірі айыппұлға немесе әкімшілік қамауға дейін күшейтіледі.


Соңғы жаңалықтар