Алматы облысында 904 көше мен 7 елді мекеннің атауын өзгерту туралы ұсыныс түскен

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында 904 көше мен 7 елді мекеннің атауын өзгерту туралы ұсыныс түскен, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда ономастика комиссиясының қарауына 7 елді мекен мен 904 көшеге атау беру және оларды қайта атау туралы ұсыныстар түсіп отыр. Аталған ұсыныстар халық санағына байланысты жарияланған мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін қаралатын болады», - деді Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Болат Керімбек.

Сонымен қатар, басқарма басшысы Алматы облысы бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атаулары бойынша Қапшағай қаласы бірінші орында тұрғанын атап өтті. Яғни, Қапшағай қаласында 198 көшенің атауы ескірген. Екінші орында Еңбекшіқазақ, үшінші - Іле ауданы. Ал Райымбек, Ұйғыр және Алакөл аудандарында мұндай олқылықтар мүлдем жоқ.

Айта кетейік, бүгін Алматы облыстық мәслихатының «дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі және жастар саясаты мәселелері» және «индустриялық-инновациялық, көліктік-логистикалық даму, кіші және орта бизнесті, туризм мен спортты қолдау мәселелері бойынша» комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Басқосуда басқарма басшылары 10 айда атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларын ортаға салды.


Соңғы жаңалықтар