Алматы облысында 900 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцина алды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев коронавирусқа қарсы күрес және оның алдын алу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында індетпен күреске дайындық, медициналық мекемелерді дәрі-дәрмек, төсек-орын, құрал-жабдықпен қамту, тұрғындарға вакцина егу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңес барысында айтылғандай, бүгінгі күні алгоритмге сәйкес облыста халықты вакцинация бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Коронавирусқа қарсы вакцина егуге арналған 318 егу пункті, 76 мобильді бригада, 17 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді.

Бүгінгі күнге 888 854 адам егілген. 38 325 адамға ревакцинация жасалды. Pfizer вакцинасы 27 615 жасөспірімге, 2193 жүкті әйелге салынды.

Дегенмен вакцина егу деңгейі төмен аудандар да бар.

Мәселен, Талғар ауданында – 50%, Панфилов ауданында - 62%, Ұйғыр ауданында – 63%, Қаратал ауданында - 65%, Талдықорған қаласында - 65%.

«Қауіпті кеселден қорғанудың жалғыз жолы – вакцина алу. Одан басқа жол жоқ. Вакцина салдырған адам ауруды жеңіл өткереді. Осыны халыққа жақсылап түсіндіру керек», - деді Қ.Бозымбаев.

Жиында облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне вакцина егу жұмыстарын ширатуды қатаң тапсырды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы коронавирус инфекциясының омикрон жаңа штамына қарсы іс-шаралар жоспарын дайындауы тиіс.

Тұрғындар арасында вакцинаның пайдасы туралы кең көлемді түсіндіру жүргізіліп, «ASHYQ» жобасын енгізген нысандар үшін бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалаушы мониторинг тобының жұмысын аудан, қалалармен бірлесіп ширата түсу қажет.

Атап өтсек, бүгінгі күні 386 адам стационарлық ем қабылдауда, бір тәулікте ауруханаларға 19 адам түсті, 23 адам шығарылды, төсек орын саны – 1335, жүктемесі – 28,9%.

Эпидемиологиялық жағдай күрделенетін болса, аурухана ұйымдарында төсек саны 6 мыңға жеткізіліп (А жоспары), Б жоспарына көшкен жағдайда ауруханалардан тыс ұйымдарда 4945 төсек қосымша ұйымдастырылады, жалпы төсек-орын қоры 10945 болады.

Облыста қажетті дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар.


Соңғы жаңалықтар