Алматы облысында 9 адам қар құрсауынан құтқарылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының ТЖ мамандары 9 адамды қар құрсауынан құтқарды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

20 қарашада Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері республикалық маңызы бар «Үшарал-Достық» тасжолында құтқару жұмыстарын жүргізді.

Достық бекетіндегі №20 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері «Ырғайты» мен «Жалаңашкөл» учаскелері арасында үш адамды қар құрсауынан құтқарды.

Сол күні кешке қарай 112 телефонына «Ырғайты» учаскесінің маңында адамдарды эвакуациялау қажеттігі туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына Ақши ауылынан Алакөл өңірінің құтқарушылары барды. Олар 6 адамды, оның ішінде 1 баланы құтқарды. Құтқарылғандардың барлығы медициналық көмекке мұқтаж болмады.

Естеріңізге сала кетейік, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы облыстық филиалы мен «Казахавтодор» ЖШС Алматы облыстық филиалының ақпараты бойынша 20 қарашада сағат 16.30-дан бастап қарлы боран салдарынан республикалық маңызы бар «Үшарал-Достық» жолында (84 шақырымнан 184 шақырымға дейін) көлік қозғалысы барлық транспорт түрлеріне жабылған болатын. Осы ақпаратты, Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға SMS, Darmen ұялы қосымшасы, ведомстволық сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы ескерткен еді. Құтқарылған жолаушылар жолға, оның жабылғанына дейін шыққан екен.

Қыста жолдарда төтенше жағдайларды болдырмау үшін Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының өзгеруін, метеорологиялық есептерді қадағалауға, 112 қызметінің SMS хабарламаларын назардан тыс қалдырмауға және егер ауа райы нашарлап, жолда көлік қозғалысына шектеу енгізілсе, жолға шықпау керегін ескертеді.


Соңғы жаңалықтар