Алматы облысында 82 жастағы кейуана бірінші рет жеке куәлік алды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында кейуана 82 жасында өзінің алғашқы куәлігін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Егде жастағы азаматшаға құжатты Алматы облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі табыстады. Одан өзге тағы үш тұрғын өздерінің жеке тұлғасын алғаш рет ресми түрде тіркеді. Бұдан былай бұл азаматтар Қазақстан Республикасының тең құқылы азаматтары саналып, лайықты зейнетақысын ала алады.

«Бізге қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған оңалту орталығының қызметкері жүгінді. Ол жеке басын куәландыратын құжаты жоқ үш адамның орталыққа орналасқанын жеткізді. Бұл адамдардың ешқашан құжаты болмаған. Кейбірінің тіпті азаматтығы да жоқ еді. Барлық қажетті құжаттарды жинап, тиісті органдарға сұраныс жолдай отырып, біз оларға куәлік тапсырдық. Енді олар біздің барлық азаматтарымыз сияқты мемлекеттік зейнетақыға үміткер бола отырып, күнкөріс үшін қаражат ала алады», -деп хабарлады Алматы облысы ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Елмұрат Нұрсейітов.

Спикер бұл іс-шараның бір реттік акция емес, тұрақты негізде өткізілетінін хабарлады.

«Сондай-ақ, біз құжатын алып кете алмайтын азаматтарға апарып береміз және құжаттауға байланысты туындайтын мәселелерде көмек көрсетеміз. Айта кету керек, жыл басынан бері Қазақстан азаматтығына 7508 азамат қабылданды. 353 адам Қазақстан Республикасының азаматы деп танылды. Жалпы облыс бойынша жиырма бес мыңнан астам шетел азаматы тіркелген. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 159 шетелдік елден шығарылды»,-деп толықтырды полиция полковнигі Елмұрат Нұрсейітов.


Соңғы жаңалықтар