Алматы облысында 80-ге жуық жылқы ұрлағандар ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында 80-ге жуық жылқы ұрлаған баукеспелер ұсталды. Олардың бүгінде 10 қылмысқа қатысы бар екені дәлелденді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төрт адамнан құралған қылмыстық топ мүшелері 1978-1999 жылы туған ауыл тұрғындары. Олардың біреуі бұған дейін де сотталғаны анықталды. Айта кетейік, күдіктілер тек жылқы ұрлауды кәсіп еткен. Ал оларды Талдықорған маңында полицияның криминалдық жедел тобы ұстады.

«Ұсталған топ барымташылықпен 2018 жылдан 2019 жылдың сәуір айына дейін айналысқан. Олар Қарабұлақ, Кербұлақ аудандарымен Талдықорғандағы жылқыларды үптеп кетіп отырған. Іс материалына сәйкес, осы аралықта олар 80-ге жуық жылқыны ұрлаған. Қазір 40-тан астам жылқы табылып, заңды иесіне қайтарылды. Сондай-ақ олар ұрланған малды және малдың етін өткізген адамдардың кім екені де белгілі болды», - деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазір дәлелденген фактілер бойынша шығын көлемі 20 млн теңгеден асып кетті. Полицейлер күдіктілердің өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау үстінде.

«Қазіргі таңда 10 эпизод бойынша ұрлық фактісі бір өндіріске біріктіріледі. Соталды тергеумен облыстық департаменттің тергеушілері айналысуда. Сондай-ақ тергеу барысында ұрланған малдарды сатып алғандарды жауапқа тарту жағы да қарастырылады», деп толықтырды ведомство өкілдері.

Соңғы жаңалықтар