Алматы облысында 8 жасар қызды құтқарған оқушыға облыс әкімінің білім гранты беріледі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында қызды педофилден  құтқарған оқушыға облыс әкімінің білім гранты беріледі. Бұл  шешімді облыс әкімдігі қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басын қауіпке  тігіп, еш ойланбастан оқушы қызға араша түскен Тимурбек Жамалладиновтың әрекетіне өңір басшылығы ризашылығын білдіріп отыр.

«Тимурбек Жамалладиновтың ерлігіне барша қазақстандықтар тәнті. Ол жалғыз өзі кішкентай қыздың өмірін зорлықтан сақтап қалды. Мұндай   батыл қадамды біз назарсыз қалдыра алмаймыз. Түрген ауылындағы Қонаев атындағы мектепте  білім алатын балаға облыс әкімінің білім гранты беріледі. Қазір ол  11-сыныпта оқиды. Мектепті бітіріп, қолына аттестатын алғаннан кейін бірден Қазақ ұлттық аграрлық университетіне қабылданады», деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Сондай ақ, өңір басшылығы педофилдің құрбаны бола жаздаған 2-сынып оқушысының жағдайын да назарда ұстайтынын жеткізді. Қазір кішкентай қызға барлық қажетті медициналық қызметтің көрсетіліп жатқанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік,  14 сәуір күні кешкісін Еңбекшіқазақ ауданына қарасты  Түрген ауылында жантүршігерлік жағдай орын ала жаздады.  Абырой болғанда, 11-сынып оқушысы 8 жасар қызды зорлықтан құтқарып қалды. Қазір арам пиғылын жүзеге асырмақ болған 32 жастағы күдікті қолға түсіп, қамауға алынды. Аталған факті бойынша  ҚР ҚК 121-бабы, 4-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар