Алматы облысында 7 жылға сотталған азамат кінәсіз деп танылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық сотында Сергей Зрячевтің апелляциялық шағымы қаралды. Процесс барысында 7 жылға бас бостандығынан айырылған азамат кінәсіз екенін дәлелдеп, сот залында қамаудан босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Анықталғандай, Іле аудандық ІІБ-нің қызметкерлері тарапынан арандатушылық фактісі орын алған. Апелляциялық сот процесі барысында, сотталушыға қатысты арандатушылық іс-әрекеттерге қатысқан куәлердің жауаптары, жедел полиция қызметкерлерінің нұсқаулықтары бойынша іске асырғаны белгілі болды.

Осылайша, сот алқасының анықтауы бойынша жедел полиция қызметкерлері жасанды арандатушылық арқылы сотталушының есірткі заттарын сатуға жағдай туғызған. Сондай-ақ, қылмыстық іс құжаттарын бұрмалаған. Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі қылмыстың құрамы болмауына байланысты күші жойылып, сотталушы сот залында қамаудан босатылады.

Естеріңізге сала кетейік, Іле аудандық соты Сергей Зрячевті ҚР ҚК 296 бапы 3-ші және 297 баптың 3-ші бөліктері бойынша (есірткіні заңсыз сақтау және сату) кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеген. Ал жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі орташа мекемеде өтеуге үкім шығарған болатын.

Соңғы жаңалықтар