Алматы облысында «7-20-25» бағдарламасымен 4-ақ пәтер берілген

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында  «7-20-25» бағдарламасы аясында 4-ақ пәтер берілген. Бұл жөнінде өңір басшысы Амандық Баталов Жолдауды талқылауға арналған актив жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

«Облыста шамамен 42 мың адам тұрғын үй және 152 мың адам жер учаскелерін алу үшін кезекте тұр. «7-20-25» бағдарламасы басталды, алайда әлі күнге дейін сатып алушылардың толық пулы қалыптаспаған. Екінші деңгейлі банктер сомасы 849 млн теңгеге 73 өтінім ғана қабылдаған, оның 53-і мақұлданып, 4-ақ пәтер берілген. Сол үшін жаңа тапсырма бердім - апта сайын барлық әкімдер бағдарлама қалай жүзеге асып жатқаны жөнінде мәлімет беріп отырасыздар», - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Баспана мәселесін  шешу үшін өңір басшысы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жалдамалы және несиелік тұрғын үй көлемін ұлғайту қажеттігін айтып, қарамағындағыларға нақты міндеттер жүктеді.

«Облыс әкімінің орынбасарлары Л. Тұрлашовқа, А. Байжановқа тұрғын үй салу үшін жеке инвесторлар тарту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді өңір басшысы. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Талдықорғанда Елбасы Жолдауын талқылауға арналған актив жиыны өтті. Оған Алматы облысының барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты. Жиынға Амандық Баталов төрағалық етті. 

Соңғы жаңалықтар