Алматы облысында «7-20-25» бағдарламасы аясында 17 тұрғын үй салынуда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Биыл Алматы облысында «7-20-25» бағдарламасы аясында жалпы аумағы 35 мың шаршы метр болатын  17 тұрғын үй қолданысқа берілмек. Бұған облыстық бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Жаңа бағдарламамен баспанаға қалай қол жеткізуге болады және оның талаптары қандай? Бұл жөнінде  облыстық «Нұр Отан» партиясында өткен қоғамдық қабылдауда айтылды. Жиында банк өкілдері қала тұрғындарына жаңа жобаның маңыздылығын жан-жақты түсіндірді. Айтуларынша, бүгінгі күні өңірдегі екінші деңгейлі банктерге 472 млн теңгенің 40 тан аса өтініші келіп түскен. Оның дені оңтайлы шешімін тапқан. Алайда, бұл көрсеткіш әлі де болса төмен. Сондықтан, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ақпараттық түсіндіру тобы құрылып, жиі кездесулер ұйымдастырылмақ.

«7-20-25» бағдарламасын түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Еңбек ұжымдарында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіліп, азаматтарға жан-жақты ақпарат берілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да тоқтамайды. Партия мен банк өкілдері бірлесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе береміз»,- деді «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Аманжол Жазықбаев.

Қазіргі таңда Алматы облысы бойынша «7-20-25» бағдарламасы негізінде Талғар, Қарасай, Іле, Панфилов ауданы мен Қапшағай және Талдықорған қаласы аумағында тұрғын үй құрылысына арнайы жер телімдері бөлінді. Бұл жерлерде жалпы көлемі 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. 

Айта кету керек, Талдықорғанда 2-3 бөлмелі пәтерлердің орташа құны 15-20 млн теңгені құрайды.

Соңғы жаңалықтар